top of page

Қазақ тілін оқытуда электронды оқулықтарды тиімді пайдалану.    

       Қазіргі заман - ғылыми және ақпараттық технологиялар заманы. Уақыт өткен сайын ақпараттардың таралуы да арта түсуде. Кейінгі кезде ақпараттар көлемінің артуы мен компьютерлік технологиялардың жылдам дамуына байланысты компьютерлік технологиялармен оқытуды белсенді түрде дамытып келеді. Қазіргі кезде оқу жүйесін басқаруды автоматтандырудың әдістерін көлемді және қарқынды қолдану, жан-жақты оқу, тәжірибелік және теориялық мәселелерін зерттеуді, комплекстік ізденістерді жүргізуді талап етеді. Мысалға алсақ, бірнеше жылдар бұрын ақпаратты игеру үшін білім алушылар мен тіл үйренушілер  тек кітап қолданса, қазіргі кезде білім беру мекемелерінде  интерактивті тақталар, мультимедиа кабинеттері орнатылған. Осыған орай оқып үйрену құралдарына жататын электронды оқулықтар қазіргі таңда жиі қолданыста. 
Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында: «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек» делінген, ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі. Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып,оқу тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді. 

      Электрондық оқулық – деп білім берудің компьютерлік технологиясын кеңінен пайдалануға негізделген электрондық оқып-үйрену құралдарын айтады жәнеде  электронды оқулық дегеніміз – мультимедиялық оқулық.

Оқыту процесінде электронды оқулықты пайдаланудың негізгі мақсаты: «Оқыту процесін үздіксіз және толық деңгейін бақылау, сонымен қатар ақпараттық ізденіс қабілетін дамыту.» Білім беру  саласында электронды оқулықтарды пайдалану қазақ тілін  үйренушілердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай,  қазақша ойлау жүйесін қалыптастыруға шығармашылықпен жұмыс істеуге жағдай жасайды. Осы уақытқа дейінгі білім беру саласында тек мұғалімнің айтқандарын немесе оқулықты пайдалану қазіргі заман талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан қазіргі ақпараттандыру қоғамында бұл оқулықтарды пайдаланбай алға жылжу мүмкін емес.  Электронды  оқулық тіл үйренушінің  уақытын үнемдейді, оқу материалдарын іздеп отырмай, өтілген және  ұмытып қалған материалдарын еске түсіруге зор ықпал етеді.

      Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде тыңдаушылар  бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық жұмыстар орындайды. Әрбір тіл үйренуші таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар орындап, тестілер шешіп, карталар және схемалармен жұмыс жасауға дағдыланады.

"КГУ "Городской Центр обучения языкам" акимата города Рудного"

       Мазмұны қиындау бір үлкен тақырыптың бөліктерін өткенде қосымша бейнехабар, аудио жазбалар бірден бір үлкен элемент болып табылады.   Электронды оқулықтың ең қажет мүмкіндігі аудиохабарлар. Мысалы: құстардың дауыстарына қарай қандай құс екенін ажырата білу, жүрек қағысын байқау. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен тіл үйренушілерге ұғындырса, қазақ тіліне  деген тыңдаушылардың  құштарлығы оянады деп ойлаймын. Осы электронды оқулықтарды қолдану барысында тіл үйренушілердің сабаққа деген қызығушылығының күрт артқандығы байқалады. Сондай ақ,  мұғалімдер де өзіне қажетті әдістемелік, дидактикалық көмекші құралдарды молынан ала алады. Электронды оқулық – бұл дидактикалық әдiс-тәсiлдер мен ақпараттық технологияны қолдануға негiзделген түбегейлi жүйе. Электронды оқулықпен оқыту, мұғалімнің тыңдаушымен  жеке жұмыс iстегенiндей болады. Дәстүрлi оқытуда кейбiр тыңдаушылар  түсiнбей қалған материалды мұғалімнен қайталап сұрай беруге кейде қысылады, сол себептi жаңа тақырыпты дұрыс қабылдай алмауына әкеп соғады. Ал электронды оқулықпен жеке жұмыс iстеуiнiң арқасында сол тақырыпты бiрнеше қайталап оқуына, тыңдауына, тiптi түсiнбеген сөздi бөлiп анықтама бөлiмiнен қарауға, сол сөздiң түсiндiрмесiн бiлуiне, оның грамматикалық жасалу жолдарын бiлуiне көптен-көп көмегiн тигiзедi.

"КГУ "Городской Центр обучения языкам" акимата города Рудного"

       Электронды оқулықтар тыңдаушылардың  бiлiм сапасының сапалы әрі жүйелі болуына үлкен ықпал жасайды. Дәстүрлi оқытуда әр тыңдаушы  оқытушы тарапынан бақылау өте жиi болмай қалуы да кездеседi, ал электронды оқулықтың көмегiмен оқыту үрдiсiнiң әр этапын бақылай алады. Сонымен қатар тіл үйренуші  грамматикалық анықтамаларды оқи отырып бiлiмiн тереңдете алады. Мiне, осындай мүмкiндiктердiң барлығы оқудың мотивациясын күшейтедi, тыңдаушының  тiлге деген қызығушылығын тағыда  басым түскендігі  байқалып, оқуға деген белсендiлiгiн артады, Электронды оқулықта берiлген мәтiндiк материалдар белгiлi бiр қатынас жағдаяттарында қолданылатын сөйлемдердi құрайды. Сұхбаттар көлемi жағынан шағын және жеңiл жатталады. Сұхбаттық жағдаяттар қазақ тiлiнде бiр-бiрiне сұрақтар қойып және жауап қайтара алуға үйретедi. Сонымен қатар берiлген тақырып төңiрегiндегi сөйлемдер мен әңгiмелердi микрофонның көмегiмен компьютерге басып, өздерi тыңдап, өзiн-өзi тексеруге, дұрыс сөйлеуге көмектеседi.

  Мысалға, электронды оқулықтағы бiр тақырыпқа тоқталатын болсақ, алғашында сол тақырып бойынша мәтiн берiлген.

  1. Осы мәтiндi тыңдаушы  тыңдайды, оқиды, сонан соң барып тақырыптық сөздiктерге көңiл аударады.

  2. Жаңа сөздердiң аудармасын iздеп тауып алғаннан кейiн, сол сөздермен басқа жағдаяттарда қолдануға болатын сөйлемдер құрастырады.

  3. Осы құрастырған сөйлемдерiн қолдана отырып, ауызекі сөйлеуге машықтанады.

  4. Сұхбаттарды бiрiншi жақтан құрастырғаннан кейiн, оны үшiншi жаққа аударып айтып бередi.

  5. Берiлген тақырып көлемiнде түрлi жаттығулар мен тапсырмалар орындайды.

  6. Сөйлемдегi сөздердiң орын тәртiбiн дұрыс қою арқылы сөйлем құрастырады.

  7. Сөйлемдегi жетпей тұрған сөздi табу арқылы, сөйлемнiң мағынасын түсiнуiн аңғартады.

  8. КАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша компьютермен сұхбаттасу арқылы қойылған сұраққа дұрыс жауап бере алатындығын көрсетедi.

  9. Сөйлемдегi сөздердiң жалғауларын дұрыс қоюы грамматиканы түсiнгендiгiн көрсетеді.

  10. Сөйтiп көптеген жаттығулармен тапсырманы дұрыс орындағанда барып тыңдаушы өз өмiрiнде осы тақырыпты қолдана отырып, әңгiме құрастыруға дейiн жетедi.

       Электронды оқулықтарды   пайдалану арқылы мұғалімдер мен тыңдаушылар өздігінен жұмыс жасай алады. Әсіресе,  электрондық оқулықты пайдалану тыңдаушылардың қазақ тілін үйрену ынтасын жоғарылатып, өздігінен мұғалімнің нұсқауынсыз тақырыптарды игеруіне мүмкіндік туғызады.

       Осылайша, Білім саласында электронды оқулықтарды қолданудың пайдасы орасан зор. Бұның тиімді жағы өте көп: сабаққа қажетті материалдар, кестелер мен сызбалар, анимациялық көріністер,тыңдаушыларды машықтандыру фильмдері, тыңдаушы  білімін бекітетін дидактикалық материалдар бар. Әр тараудағы тест сұрақтары, әр тапсырманың өзіндік жұмыстары ( диктант) тыңдаушы  білімін бақылауда және тыңдаушының  өз бетінше ізденісін туғызуда көмегі тиеді  деп ойлаймын.

Қорыта келе айтарым, оқу үрдiсiнде электронды оқулықты пайдаланудың  маңызы өте зор. Тiл үйренушi электронды оқулықпен сабақ бойы үздiксiз байланыста болғандықтан тiлдi меңгеруiне үлкен мүмкiндiк табады. Заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім беруде электронды оқулықтарды сабаққа пайдалану – оқытудың жаңа технологиясының бір түрі ретінде қарастыруға болады. Ой өрісі дамыған, шетелдік білім жүйесінен қалыспайтын жас ұрпаққа білім беру жолындағы ортақ міндетті өз мәнінде жүргізу үшін, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ойымызды айтып отырсақ жұмысымыз өнімді болады деген үміттемін.

bottom of page